Ереже
Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2001 жылғы 26 маусымдағы N 643 Жарлығымен БЕКIТIЛГЕН
Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Президентінің 2007.02.27. N 292 Жарлығымен.
Судьялардың республикалық және облыстық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқалары туралы ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер
1. "Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес (бұдан әрi - Конституциялық заң) Судьялардың республикалық және облыстық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқалары туралы осы Ереже (бұдан әрi - Ереже) судьялардың тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаларын құру, жұмысын және қызметiн ұйымдастыру, сондай-ақ олардың тәртiптiк iс жүргiзудi қозғау, тәртiптiк iстер және бiлiктiлiк iс жүргiзу материалдарын қарау тәртiбiн, судьяның орнынан түсу құқығын бекiту, оны тоқтату мәселелерiн белгiлейдi.
2. Судьялардың республикалық және облыстық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқалары (бұдан әрi - тәртiптiк-бiлiктiлiк алқалар) Қазақстан Республикасының судьяларына қатысты тәртiптiк iстер және бiлiктiлiк iс жүргiзу материалдарын, судьяның орнынан түсу құқығын бекiту және оны тоқтату мәселелерiн қарау жөнiндегi органдар болып табылады, Қазақстан Республикасының заңнамасымен берiлген шектерде судьяларға тәртiптiк iс жүргiзудi қозғау, тәртiптiк жазалар беру құқығын иеленедi.
3. Өз мiндеттерiн орындау кезiнде тәртiптiк-бiлiктiлiк алқалар тәуелсiз және тек Қазақстан Республикасының Конституциясына , Конституциялық заңға бағынады, сондай-ақ өз қызметiнде осы Ереженi басшылыққа алады. Тәртiптiк-бiлiктiлiк алқалардың жұмысына араласуға және оның мүшелерiне қандай да бiр ықпал етуге ешкiмнiң құқығы жоқ. Тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаның мүшесi қабылданған шешiмдердiң мәнi туралы қандай да бiр түсiнiк беруге мiндеттi емес.
3-1. Тәртіптік-біліктілік алқаларының қызметі судьялардың тәуелсіздігі және сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі соттың қызметіне араласпау, Конституциялық заңмен және осы Ережемен құзыретіне жатқызылған мәселелерді алқалы, жариялы, бейтарап және әділ қарау принциптеріне негізделеді. Ескерту. 3-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 2009.02.13. N 738 Жарлығымен.
2. Тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаларды құрудың тәртiбi және олардың өкiлеттiктерi
4. Республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқа Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысында жасырын дауыспен, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларының iшiнен кемiнде 7 мүшеден екi жыл мерзiмге сайланады. Облыстық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқалар, облыстық және оларға теңестiрiлген соттардың жалпы отырыстарында жасырын дауыспен, облыстық және оларға теңестiрiлген соттар судьяларының iшiнен 3-тен 7 мүшеге дейiн екi жыл мерзiмге сайланады.
5. Тәртiптiк-бiлiктiлiк алқалардың құрамына сайлануға кемiнде бес жыл судьялық стажы бар, мінсіз беделі бар судьялар ұсынылады. Ескерту. 5-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2009.02.13. N 738 Жарлығымен.
6. Тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаның төрағасы және хатшысы осы алқаның отырысында оның мүшелерiнiң iшiнен, жай көпшiлiк дауыспен сайланады.
7. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы және алқа төрағалары, облыстық және оларға теңестiрiлген соттардың төрағалары және алқа төрағалары, Судья этикасы жөнiндегi комиссияның және Сот жюриiнiң мүшелерi, Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесiнiң мүшелерi тәртiптiк-бiлiктiлiк алқалардың құрамына сайлана алмайды. Ескерту. 7-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2009.02.13. N 738 Жарлығымен.
8. Тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаның мүшелерiн мiндетiнен босату тиiстi соттың жалпы отырысында жүзеге асырылады. Осы алқа өкiлеттiгiнiң қалған мерзiмiне алқаның жаңа мүшесiн сайлау жалпы отырыстың регламентiнде белгiленген тәртiппен өткiзiледi.
9. Тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаның төрағасын және мүшелерiн мiндеттерiн атқарудан босату үшiн мыналар негiз болып табылады: 1) алқа мүшесiнiң сайлану мерзiмiнiң аяқталуы; 2) судьяның тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылуына әкеп соққан сот iстерiн қарау кезiнде заңдылықтың бұзылуы; 3) судья этикасына қайшы келетiн терiс қылықтың жасалуы; 4) Конституциялық заңның 33-35- баптарында көзделген негiздер.
10. Республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқа: 1) Республиканың кез келген судьясына қатысты тәртiптiк iс жүргiзудi қозғау туралы мәселенi; 2) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының алқа төрағаларына және судьяларына, облыстық соттардың төрағаларына және алқа төрағаларына қатысты тәртiптiк iстердi, сондай-ақ алқаның өзі қабылдаған тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы шешім бойынша тәртіптік істерді; 3) облыстық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқалардың шешiмдерiне судьялардың шағымдарын; 4) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты судьяларының, облыстық және оларға теңестiрiлген соттардың төрағалары және алқа төрағаларының орнынан түсу құқығын бекiту және оны тоқтату туралы мәселенi; 5) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларына, облыстық және оларға теңестiрiлген соттардың төрағалары және алқа төрағаларына жоғары бiлiктiлiк сыныбынан басқа бiлiктiлiк сыныптарын беру туралы мәселенi қарайды. Ескерту. 10-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2009.02.13. N 738 Жарлығымен.
11. Облыстық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқалар облыстық және оларға теңестiрiлген соттардың судьяларына, аудандық және оларға теңестiрiлген соттардың төрағаларына және судьяларына қатысты: 1) тәртiптiк iс жүргiзудi қозғау туралы мәселенi; 2) тәртiптiк iстердi; 3) судьяның орнынан түсу құқығын бекiту туралы мәселенi; 4) орнынан түсудi тоқтату туралы мәселенi; 5) жоғары бiлiктiлiк сыныбынан басқа бiлiктiлiк сыныптарын беру туралы мәселенi қарайды.
12. Тәртiптiк-бiлiктiлiк алқа мүшесiне қатысты тәртiптiк iс жүргiзудi қозғау туралы мәселенi тиiстi жалпы отырыстың шешiмi бойынша Республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқа қарайды. Тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаның мүшесiне қатысты тәртiптiк iстi Республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқа қарайды.
13. Тәртiптiк-бiлiктiлiк алқалардың жұмысы туралы ақпарат жылына кемiнде бiр рет соттардың жалпы отырыстарында тыңдалады.
3. Тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаның жұмысын ұйымдастыру
14. Өзiне қатысты мәселе қаралатын судья iстi қарау басталғанға дейiн тәртiптiк алқаның мүшелерiне дәлелдi қарсылық бiлдiруге құқылы. Қарсылық бiлдiру туралы мәселе қарсылық бiлдiрушiнiң қатысуынсыз, тәртiптiк алқаның қарауға қатысқан барлық мүшелерiнiң жай көпшiлiк даусымен шешiледi.
15. Тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаның шешiмi, оған қандай да бiр ықпал ету мүмкiндiгi болмайтындай жағдайда, кеңесу бөлмесiнде жай көпшiлiк дауыспен қабылданады. Шешiм қабылдау уақытында кеңесу бөлмесiнде тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаның мүшелерi ғана бола алады. Тәртiптiк-бiлiктiлiк алқа мүшесi дауыс беруден қалыс қалуға хақылы емес. Дауыстар тең түскен жағдайда өзiне қатысты мәселе қаралып отырған судьяның жағдайын жақсартатын шешiм қабылданды деп есептеледi. Кеңесу бөлмесiнiң құпиясы барлық жағдайларда қамтамасыз етiлуге тиiс.
16. Шешiм жазбаша нысанда әзiрленедi және оған iстi немесе материалды қарауға қатысқан тәртiптiк-бiлiктiлiк алқа мүшелерiнiң барлығы қол қояды. Азшылықта қалған тәртiптiк-бiлiктiлiк алқа мүшесi кеңесу бөлмесiнде өзiнiң ерекше пiкiрiн жазбаша бiлдiруге құқылы. Ерекше пiкiр төрағалық етушiге тапсырылады және мөрленген конвертпен iс материалдарына тiркеледi. Облыстық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаның шешiмiне шағым жасалған жағдайда, Республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаның мүшелерi ерекше пiкiрмен таныстырылады. Ерекше пiкiр бар екендiгi жөнiнде судья және басқа адамдар хабардар етiлмейдi.
17. Тәртiптiк-бiлiктiлiк алқа тәртiптiк iс жүргiзудi қозғау туралы, судьяның орнынан түсуiн тоқтату туралы мәселе қойған органнан немесе лауазымды адамнан қажеттi құжаттар мен материалдарды танысу үшiн талап етуге, сол сияқты және оларды қарау кезiнде судья заң бұзушылыққа жол берген сот iстерiмен танысуға хақылы. Даулы мәселелердi түсiндiру қажет болған жағдайда тәртiптiк-бiлiктiлiк алқа Конституциялық заңның 25-бабының ережелерiн қатаң сақтай отырып, тиiстi адамдардан түсiнiк алуға құқылы.
18. Тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаның отырысында хаттама жүргiзiледi. Хаттамаға отырысқа төрағалық етушi және алқа хатшысы қол қояды.
19. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының, соттар әкiмшiсiнiң мемлекеттiк қызметшiлерiнiң құрамынан құрылған хатшылық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаның жұмысшы органы болып табылады.
20. Осы Ережеде көрсетiлмеген тәртiптiк-бiлiктiлiк алқалардың жұмысын ұйымдастыру мәселелерi және тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаларда iс жүргiзу Республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқа бекiтетiн регламенттiң негiзiнде жүзеге асырылады.
4. Тәртiптiк iс жүргiзудi қозғаудың негiздерi және тәртiбi
21. Судьялар Конституциялық заңның 39-бабында көзделген негiздерде ғана тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылуы мүмкiн.
22. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясына, облыстық және оларға теңестiрiлген соттардың төрағаларына және алқа төрағаларына қатысты тәртiптiк iс жүргiзудi қозғау туралы Республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаға ұсыным жасай алады.
23. Конституциялық заңның 41-бабына сәйкес, Республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқа судьяның сыбайлас жемқорлықпен ұштасқан немесе сыбайлас жемқорлыққа жол берген, сондай-ақ қоғамдық пiкiр тудырған тәртiптiк терiс қылық фактiсi бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынымы негiзiнде Республиканың кез келген судьясына қатысты тәртiптiк iс жүргiзудi қозғау туралы мәселенi қарай алады.
24. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы және жергiлiктi соттардың төрағалары, Қазақстан Республикасы Судьялар одағы облыстық филиалдарының Судья этикасы жөнiндегi комиссиялары, орталық мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшылары облыстық және оған теңестiрiлген соттың судьясына, аудандық және оған теңестiрiлген соттың төрағасына және судьясына қатысты тәртiптiк iс жүргiзудi қозғау мәселесi туралы тиiстi облыстық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаға ұсыным жасауға құқылы. Ескерту. 24-тармақта орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді - ҚР Президентінің 2009.02.13. N 738 Жарлығымен.
25. Тәртiптiк iс жүргiзудi қозғау туралы мәселенi қарауға бұқаралық ақпарат құралдарының жарияланымдары да себеп бола алады.
26. Судьяның тәртiптiк терiс қылығын дәлелдеу мiндетi өтiнiштi берген адамға немесе органға жүктеледi. Бұл ретте, судьяға қатысты тәртiптiк iс жүргiзудi қозғау туралы мәселенi шешу, тәртiптiк iстi қарау кезiнде аталған адамның (органның) немесе оның өкiлiнiң қатысуы мiндеттi.
27. Тәртiптiк iс жүргiзудi қозғауға негiздiң бар екендiгi туралы мәселе Конституциялық заңның 42-бабында белгiленген мерзiмдерде шешiледi.
28. Тәртiптiк iс жүргiзудi қозғау туралы немесе тәртiптiк iс жүргiзудi қозғауға негiздiң жоқтығы туралы шешiм қаулы нысанында шығарылады, оған тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаның барлық мүшелерi қол қояды.
29. (29-тармақ алып тасталды - ҚР Президентінің 2009.02.13. N 738 Жарлығымен).
30. Тәртiптiк iстi қарау мерзiмi Конституциялық заңның 42-бабының екiншi бөлiгiмен реттеледi.
5. Судьяның орнынан түсу құқығын бекiту және тоқтату туралы мәселенi қараудың тәртiбi
31. Судьяның орнынан түсу құқығын бекiту туралы мәселенi қарау оның арызының негiзiнде жүзеге асырылады. Арызға судьяның еңбек жолының мiнсiз екенiн куәландыратын құжаттар тiркелуi тиiс. Ескерту. 31-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2009.02.13. N 738 Жарлығымен.
32. Орнынан түсу құқығын бекiту туралы арыз тиiстi қорытынды шығарыла отырып, екi апталық мерзiм iшiнде қаралуға тиiс.
33. Орнынан түсу құқығын iске асыруға жағдайлардың жоқтығы туралы тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаның қорытындысы судьяны қызметiнен орнынан түсу нысанында босатудан бас тартуға негiз болады.
34. Судьяның орнынан түсуi Конституциялық заңның 35-бабының 3-тармағында көзделген негiздер бойынша тоқтатылады. Орнынан түсудi тоқтату туралы ұсынымды Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, облыстық және оларға теңестiрiлген соттардың төрағалары, жергiлiктi соттардың қызметiн ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз етудi жүзеге асыратын орталық уәкiлеттi мемлекеттiк орган және жергiлiктi соттар әкiмшiлерi, сондай-ақ жеке арызы бойынша судья бере алады.
6. Облыстық тәртіптік-біліктілік алқаларының шешiмдерiне шағымдану
Ескерту. 6-тараудың тақырыбына өзгерту енгізілді - ҚР Президентінің 2009.02.13. N 738 Жарлығымен.
35. Облыстық тәртіптік-біліктілік алқасының тәртіптік іс бойынша, біліктілік іс жүргізу жөніндегі шешіміне, судьяның орнынан түсу құқығын растау мәселесі бойынша қорытындысына немесе оны тоқтатуға өзіне қатысты шешім немесе қорытынды шығарылған судья шешімнің көшірмесін алған күннен бастап он күн мерзімде облыстық тәртіптік-біліктілік алқасы арқылы Республикалық тәртіптік-біліктілік алқасына шағымдана алады, оның шешімі түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды. Ескерту. 35-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2009.02.13. N 738 Жарлығымен.
36. (36-тармақ алып тасталды - ҚР Президентінің 2009.02.13. N 738 Жарлығымен).
37. Облыстық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаның шешiмiне шағымдану мерзiмiн дәлелдi себеппен өткiзiп алған жағдайда, Республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқа оны өзіне қатысты шешiм шығарылған не бiлiктiлiк iс жүргiзу материалдары қаралған судьяның өтiнiшi бойынша қалпына келтiредi.
38. Республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқа шағым бойынша тәртiптiк iс немесе материалды қараудың нәтижесiнде келесi шешiмдердiң бiрiн қабылдайды: 1) шешiмдi өзгерiссiз қалдырады; 2) шешiмдi өзгертедi; 3) шешiмнiң күшiн жойып, жаңа шешiм қабылдайды; 4) шешiмнiң күшiн жойып, тәртiптiк iстi сол тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаға жаңадан қарауға жiбередi; 5) облыстық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаның шешiмiнiң күшiн жойып, тәртiптiк iстi тоқтатады.
39. Осы Ереженiң 37-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайда, iстi жаңадан қараудың мерзiмi бiр айдан аспауы тиiс.
40. Тәртiптiк iс: 1) тәртiптiк iс жүргiзудi қозғау мерзiмдерi өтiп кеткен; 2) тәртiптiк жауапкершiлiкке тарту мерзiмi өтiп кеткен; 3) тәртiптiк iс негiзсiз қозғалған; 4) судьяның әрекетiнде тәртiптiк терiс қылық болмаған; 5) судья iс қаралған сәтте басқа қызметке ауысып кеткен немесе оның өкiлеттiгi Конституциялық заңның 34-бабы 1-тармағының 1)-6), 9)-10) тармақшаларында көрсетiлген негiздерде тоқтатылған жағдайларда қысқартылады.
7. Тәртiптiк жазаның күшiнде болу мерзiмi және оны алудың тәртiбi
41. Тәртiптiк жаза берiлген күннен бастап бiр жыл бойы күшiнде болады. Егер жаза берiлген күннен бастап бiр жыл бойына судьяға жаңа тәртiптiк жаза берiлмесе, онда ол тәртiптiк жазаға тартылмаған болып саналады. Судьяға бiрнеше жаза берiлген жағдайда, ол уақыты бойынша соңғы жаза берiлген күннен бастап бiр жыл мерзiм өткенге дейiн жазаға тартылған болып есептеледi.
42. Тәртiптiк жаза берiлген күннен бастап алты ай өткеннен кейiн оны осы жазаны берген тәртiптiк-бiлiктiлiк алқа, судьяның тәртiбi мiнсiз болып, өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн адал атқарған жағдайда, судьяның немесе судьялар қауымдастығы органының өтiнiшi бойынша мерзiмiнен бұрын алуы мүмкін.
8. Тәртiптiк-бiлiктiлiк алқалардың қызметiн қамтамасыз ету
43. Облыстық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқалардың қызметiн ұйымдық, қаржылық, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етудi жергiлiктi соттар әкiмшiлерi жүзеге асырады. Республикалық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқаның қызметiн Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты қамтамасыз етедi.











