Ереже

 

Қазақстан Республикасы Судьялары одағы Орталық Кеңесінің 2010 жылғы «05» ақпандағы № 7 қаулысымен бекітілген

Судьялар одағы филиалының судья әдебі жөніндегі комиссиясы туралы ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

1.1. Осы Ереже «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, Судьялардың республикалық және облыстық тәртiптiк-бiлiктiлiк алқалары туралы ережеге, «Қазақстан Республикасының Судьялар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің (бұдан әрі мәтін бойынша – Одақ) Жарғысына, Одақ филиалы туралы ережеге сәйкес әзірленді.

1.2. Судья әдебі жөніндегі комиссия (бұдан әрі мәтін бойынша – Комиссия) өзінің жұмысында Судья әдебі кодексін басшылыққа алады.

1.3. Судьялар қоғамдастығы қатарының тазалығы туралы мәселе Комиссия жұмысының мақсаты болып табылады.

1.4. Судья әдебі кодексінде қарастырылған моральдық-этикалық нормалар мен мінез-құлық ережелерін барлық судьялардың сақтауы Комиссия қызметінің мәні болып табылады.

1.5. Комиссиялар Одақ филиалдарының жанынан құрылып, жұмыс істейді.

1.6. Облыстық және оларға теңестірілген соттардың төрағалары мен алқалары төрағаларының судья әдебі нормаларын сақтауы мәселелерін Жоғарғы Сот Судьялар одағы филиалының Судья әдебі жөніндегі комиссиясы қарайды.

2. Комиссияны құру тәртібі

2.1. Комиссияны Одақтың тиісті филиалы конференцияда құрады. Конференция қоғамдық бірлестіктің тиісті филиалында есепте тұрған Одақ мүшелерінің арасынан жасырын дауыс беру арқылы екі жыл мерзімге Комиссияны сайлайды. Комиссия құрамына тиісті филиалдың кез келген Одақ мүшесі сайлана алады. Комиссияның сандық құрамын конференция белгілейді.

2.2. Комиссияның құрамына Комиссия төрағасы, хатшысы және мүшелері кіреді.

2.3. Қазақстан Республикасы Жоғары Сотының Төрағасы және алқа төрағалары, облыстық және оларға теңестірілген соттардың төрағалары және алқалары төрағалары, Жоғары Сот Кеңесінің және Сот жюриінің мүшелері, сондай-ақ судьялардың тәртіптік-біліктілік алқаларының мүшелері Комиссияның құрамына сайланбайды.

2.4. Судьяның Комиссия құрамынан шығуы үшін оның жеке арызы немесе судьялардың өтініші негіздеме болады. Судьяның Комиссия құрамынан шығуы туралы мәселені судьялар конференциясы шешеді.

3. Материалдар мен арыздарды қарау ережелері

3.1. Филиал судьяларының Судья әдебі кодексін бұзуы туралы материалдарды, арыздарды, шағымдарды Комиссиялар өз бастамасымен, сондай-ақ азаматтардың, осы Ереженің 3.3-тармағында көрсетілген лауазымды тұлғалардың және ұйымдардың арыздары, шағымдары бойынша қарай алады.

3.2. Бұқаралық ақпарат құралдарында, прокурорлардың ұсынымдарында және басқа да азаматтардың ресми өтініштерінде, хаттарында, арыздарында және шағымдарында көрсетілген мәліметтер судья әдебін бұзу туралы мәселені қарау үшін негіздеме бола алады.

3.3. Жоғарғы Сот Төрағасы, облыстық және оларға теңестірілген соттардың төрағалары, Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің және Сот жюриінің басшылары, сондай-ақ тәртіптік-біліктілік алқаларының төрағалары судьяның қандай да бір әрекетінің, оның жеке мінез-құлқының Судья әдебі кодексін бұзуға жататындығы/жатпайтындығы туралы қорытынды беру туралы өтінішпен Комиссияға жүгіне алады.

3.4. Істерді қарау кезінде заңдылықты бұзу және әуре-сарсаңға салу фактілері, сондай-ақ судья әдебі нормаларын бұзуға жатпайтын басқа да теріс қылықтар көрсетілген азаматтар мен заңды тұлғалардың ұсынымдары, хаттары, арыздары, өтініштері ведомстволық бағыныстылығы бойынша жіберіледі, ол туралы өтініш берген авторға хабарланады.

3.5. Комиссия арыздарды, өтініштерді, мәліметтерді және материалдарды дайындау мен қараудың Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне қайшы келмейтін рәсімі жөніндегі жұмыс регламентін әзірлеп, бекітуге құқылы.
 

4. Комиссия жұмысының тәртібі

4.1. Азаматтардан, ұйымдардан, сондай-ақ осы Ереженің 3.3-тармағында көрсетілген лауазымды тұлғалардан келіп түскен және Комиссияның бастамасымен қаралған арыздар, өтініштер, басқа да материалдар есепке алу журналында (қағаз немесе электронды жеткізгіштерде) жүргізіледі.

4.2. Комиссия материалдарды қарауды және шешімді қабылдауды ақылға қонымды мерзімде жүзеге асырады.

4.3. Комиссия төрағасы келіп түскен материалдарды Комиссия мүшелерінің біреуіне тескеру жүргізу үшін (мүдделі адамдарға сұрақ қою, құжаттар сұратып алу және т.б.) береді. Тексеру нәтижелері бойынша жазбаша қорытынды шығарылады, ол электрондық немесе қағаз жеткізгіштерде Комиссия мүшелеріне зерделеу үшін беріліп, Комиссия төрағасы белгілеген күні Комиссияның отырысында қаралады. Судьяның Судья әдебі кодексін бұзу фактісі анықталған кезде, өтініш авторының шағымды кері қайтарып алуы материалдарды Комиссия отырысында қарауға кедергі болмайды.

4.4. Әрекеті талқыланатын судья Комиссия отырысына шақырылады. Әдетте оған Комиссия отырысы басталғанға дейін кемінде үш күн бұрын отырыс болатын күні туралы хабарланады және ол тексеру материалдарымен таныстырылады. Ол қаралатын мәселенің мәні бойынша өзінің түсіндірмелерін және материалдарға қоса тіркеу үшін құжаттарды беруге құқылы. Комиссияның отырысына басқа да мүдделі адамдар шақырылуы мүмкін. Егер әрекеті талқыланатын судьяға материалдарды қарау күні туралы тиісті түрде хабарланған болса, оның Комиссия отырысына дәлелді себептерсіз келмеуі материалдарды қарау үшін кедергі болмайды. Қажет болған жағдайда Комиссия отырысына арыз беруші шақырылады.

4.5. Комиссия отырысында тексеру жүргізу тапсырылған Комиссия мүшесінің баяндамасы, судьяның уәждері және шақырылған адамдардың түсіндірмелері тыңдалады. Бұдан кейін Комиссия мүшелері кеңесу бөлмесінде оңашаланып шешім қабылдайды. Шешімді Комиссия дауыс беру арқылы қабылдайды. Отырысқа оның мүшелерінің көпшілігі қатысып, қатысқандардың жартысынан көбі қабылданған қаулыға дауыс бергенде, Комиссия шешімдері заңды болады. Дауыстар тең болған кезде, төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады. Комиссия мүшелері дауыс беру құпиясын сақтауға тиіс.

4.6. Комиссияның шешімі қаулы түрінде шығарылады, оған Комиссияның барлық мүшелері қол қояды және ол шағымдануға жатпайды. Комиссия қаулысы жариялылық қағидатында жария етіледі.

4.7. Қаулы 5 тәулік ішінде әрекеті Комиссия қарауының нысанасы болған адамның қолына беріледі, ал ол болмаған жағдайда пошта арқылы жіберіледі.

4.8. Егер судьяның әрекеті осы Ереженің 3.3-тармағында көрсетілген лауазымды тұлғалардың өтініштері бойынша қаралған болса, өтініш иесіне қаулының көшірмесі жіберіледі. Комиссия отырысында судьяның әрекеті басқа тұлғалардың өтініші бойынша қаралғанда, оларға шағымды, арызды, өтінішті қарау нәтижелері туралы жауап беріледі.

4.9. Материалдарды қарау нәтижелері бойынша Комиссия:
1) судьяның Судья әдебі кодексін бұзу фактісін танып,
талқылаумен шектелуге;
қоғамдық мін тағуға;
облыстық және оларға теңестірілген соттың судьясына, аудандық және оған теңестірілген соттың судьясы мен төрағасына қатысты тәртіптік іс жүргізуді қозғау туралы мәселемен судьялардың тиісті облыстық тәртіптік-біліктілік алқасына жүгінуге;
2) егер судьяның әрекетінде Судья әдебі кодексін бұзу анықталмаса, іс жүргізуді тоқтатуға;
3) Жоғарғы Сот Төрағасының, облыстық және оларға теңестірілген соттар төрағаларының және басқа да лауазымды тұлғалардың өтініштеріне судьяның қандай да бір әрекетінің, оның жеке мінез-құлқының Судья әдебі кодексін бұзуға жататындығы/жатпайтындығы туралы қорытынды беруге құқылы.

4.10. Комиссия қаралған материалдарды мерзімді түрде жинақтайды және ол туралы Одақтың Орталық кеңесіне, Филиал кеңесіне, сондай-ақ Жоғарғы Сот Төрағасына, облыстық немесе оған теңестірілген соттың төрағасына ақпарат береді.

4.11. Комиссияның қызметі осы Ереженің 2.1-тармағымен қарастырылған өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін немесе конференцияның шешімімен тоқтатылады.