Ақтөбелік судьялар Елбасы жолдауын бір ауыздан қолдады
Мемлекетіміздің сара саясатының негізі ел халқының ахуалын жақсарту болып табылады. Ағымдағы жылы 27 қаңтарда Елбасының халыққа арнаған кезекті Жолдауының бір бағыты құқық қорғау саласы аясында сот жүйесін жаңашаландыруға арналады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде «судьялар сот төрелігін жүзеге асыру барысында тек ғана заңға және өзінің ар-ұятына бағынуы керек»,- деді. Сондай-ақ, «судьялар корпусын қалыптастыру тәртібін қайта қарау керек»,- дегенді баса айтқан болатын. Мұндай бастама- еліміздің сот жүйесін жаңашаландыруға бағытталған басты қадамдардың бірі болып табылады. Сот төрелігін сайдың тасындай іріктеліп алынған, өз ісінің майталмандары жүзеге асыратын болады деген сөз.
Елбасы жолдауын Ақтөбе облыстық сотының ұжымы да бір ауыздан қолдады. Судьялар қауымы мен сот мамандарына Жолдауды тікелей эфирден тамашалауға мүмкіндік жасалды. Сондай-ақ, судьялардың кеңейтілген жалпы отырысында Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Ерлан Жұмаханұлы Айтжанов Елбасы жолдауын ұжыммен бірге талқылады. Онда айтылған кейбір мәселелерге жеке-жеке тоқталып өтті. Жолдауда көпшіліктің көкейкесті мәселесі баспана жайы да сөз болды. Осы орайда облыстық сот төрағасы Ерлан Жұмаханұлы сот саласында бірнеше жылдық өтілі бар, баспана тауқыметін тартып жүрген мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де жуық арада шешімін табатынын айтты. Соның бәрін жаңа «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасында анық көрсету қажет. Осыған біз кірісуіміз керек.
Сот төрағасы өз сөзінде «Елбасымыздың кезекті Жолдауы ел болашағының биік шыңына жол сілтейді»,-деді.
Ел ертеңі халықтың бірлігі мен ынтымағында. Сондықтан «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген ата-бабаларымыздың ұлағатын ұмытпағанымыз жөн. Елбасы өзінің биылғы жолдауында Қазақстанның өркениетті елдер қатарына енуінің айқын бағыттарын анықтап берді. Біз егеменді еліміз арқылы ертеңімізге, келешегіміз кемелді болатынына кәміл сенімдіміз.












