Ақтөбе облысының соттары жылды қорытындылады
23 қаңтар 2012 жылы Ақтөбе облыстық сотында 2011 жылы сот төрелігін жүзеге асыру бойынша атқарған жұмысын қорытындылауға арналған кеңейтілген жалпы отырыс өтті. Аталмыш отырысқа ҚР Жоғарғы Соты жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету Департаментінің басшысы Бауыржан Жұмағұлов қатысты.
2011 жылы Ақтөбе облысының аудандық, қалалық соттарына 785 іс және 25 363 талап арыз түскен, оның 22 513 талап арызы өндіріске қабылданған және 2 660 талап арыз кері қайтарылған, жалпы сотпен қаралып, аяқталған істердің саны 23 062. Апелляциялық сатыда 1404 азаматтық іс қаралған.
Облыс соттарымен 3160 тұлғаға қатысты 2800 қылмыстық іс қаралып, аяқталған, оның ішінде 1190 адамға қатысты 912 іс бойынша айыптау үкімдері шығарылған. Апелляциялық сатыда 432 қылмыстық іс қаралған.
Облыс соттарымен сыбайлас жемқорлыққа қатысты 62 адамға қатысты 52 қылмыстық іс қаралып, 50 іс бойынша айыптау үкімі шығарылған, 2 қайта тергеуге қайтарылған.
Әкімшілік істер бойынша облыс соттарымен барлығы 12702 әкімшілік іс қаралған.
ҚР ЖС басшылығы мен облыс әкімдігінің көмегімен 2011 жылы Ойыл, Хромтау аудандық соттарының жаңа ғимараттары салынды, мамандандырылған экономикалық соты орналасқан ғимарат сатып алынды.
Қазір мамандандырылған кәмелетке толмағандарға қатысты істерді қарайтын сотты Ақтөбе қалалық сотының ғимаратына орналастыру үшін жөндеу жұмыстары жүзеге асырылуда.
Алдағы уақытта ескіріп тұрған басқа да қалалық, аудандық соттарды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жоспарлануда.
Жиын жағымды жаңалықтарға толы болды. Сот жүйесінің ардагері Бекқожа Тайгужиев «Үш би» құрмет белгісімен және облыстық соттың судьясы Балтабай Сабыров ҚР судьялар Одағы атынан «Құрмет» грамотасымен марапатталды.











