Сот залынан: жалған ақпарат берген азамат сотты болды.
Ақтөбе облысының Шалқар аудандық сотымен 24 жасар, жанұялы, жұмыста жоқ Шалқар тұрғынына қатысты қылмыстық іс қаралып, аяқталды.
Сотталушы 2011 жылдың қыркүйек айында түнгі мезгілде Шалқар стансасының темір жол вокзал ғимаратының анықтама бюросына қоңырау шалып, «сағат москва уақытымен он екі жарымда вокзалда бомба жарылады» деп хабарлап, терроризм актісі туралы көрнеу жалған хабар беріп телефон тұтқасын тастап жіберіп, ізін жасырған.
Осы дерек бойынша, Шалқар ст. Желілік полиция бөлімшесі, Шалқар аудандық ішкі істер бөлімі, Шалқар аудандық ұлттық қауіпсіздік қызметі, Шалқар аудандық №17ші ӨСБ-нен өрт сөндіру қызметкерлері және Шалқар қалалық әкімшілік қызметкерлері болып бірігіп, қызметтік шараларын жүргізген, нәтижесінде терроризм актісі туралы берілген ақпараттың жалған екендігі анықталған.
Сөйтіп, сотталушы Шалқар қалалық әкімшілігіне 28467 (жиырма сегіз мың төрт жүз алпыс жеті) теңге, Шалқар аудандық емханасына 16000 (он алты мың теңге) теңге, Ақтөбе облыстық өртке қарсы күрес және төтенше жағдай басқармасына 15077 (он бес мың жетпіс жеті) теңге, барлығы 59544 (елу тоғыз мың бес жүз қырық төрт) теңге шығын келтірген.
Сот үкімімен сотталушыға ҚР ҚК-нің 242-бабымен 1 (бір) жыл мерзімге бас бостандығыншектеу жазасы тағайындалып, 59544 теңге материалдық шығын өндірілді.
Ақтөбе облыстық сотының
баспасөз қызметі.











