Дүкен сатушысын өлтірген қылмыскер 12 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен 30 жасар азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралып, аяқталды.
Сотта анықталған мән-жайларға сай оқиға 2011 жылдың қыркүйек айында орын алды. 30 жасар азамат ішімдік ішкен мас күйінде Ақтөбе қаласының орталығында орналасқан дүкендердің біріне барып, өзінің танысы, сатушы қызға тиіседі. Алайда жігіттің бұл әрекетіне көнбеген жәбірленуші болған жайды сотталушының азаматтық некедегі жұбайына айтып беретінін жеткізеді. Ортақ мәмілеге келе алмаған соң сотталушы жақын жерде орналасқан апасының үйінен асханалық пышақ әкеліп, жәбірленуішіні соққыға жығып, нәтижесінде сатушы қыз оқиға орында көз жұмады.
Сотталушы өзінің қылмыстық әрекетін одан әрі жалғастырып, қаза болған сатушының ұялы телефонын және 3 630 теңге көлемінде ақшасын ұрлап, оқиға орнынан ізін суытады.
Сот үкімімен сотталушыға 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазасын қатаң тәртіптегі түзеу колониясында өтеу белгіленді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.











